Ministries

БҰҰ- ның Қауіпсіздік Кеңесі жұмысына Қазақстан Республикасының қатысуының перспективалары және халықаралық дағдарыстарды реттеудегі ресейлік және қазақстандық әріптестіктің рөлі. Астанада өткен Сирия жөніндегі келіссөздер

Написал (ла) , 0 , Категории:

БҰҰ ҚК жұмысына Қазақстан Республикасының қатысуының перспективалары

1992 жылдың 2 наурызынан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымның мүшесі және  белсенді және мүдделі қатысушысы болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған кезден бастап Қазақстан әлемдік мәселелерді шешуде салмақты және сындарлы көзқарасы бар мемлекет ретінде БҰҰ-да зор ілтипатқа ие болды.

2016 жылдың 28 маусымында маңызды тарихи оқиға орын алды – ол Қазақстан  Республикасының нақты жеңіске жетіп, мүмкін болған 138 дауыстың 129 дауысын иеленіп  БҰҰ ҚК-нің  2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болуы.

Қазақстан БҰҰ-ның ең маңызды органына сайланған Орталық Азиядағы  алғашқы мемлекет екендігін айта кеткен жөн. Мүшелікке сайлануы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жаңа үлгідегі көпұлтты, тұрақты мемлекетті қалыптастыруымен қатар,  әлемдік аренада айтарлықтай беделге ие болғандығын  тағы да дәлелдеді. Қазақстан алдағы екі жылда дауыс беруші елдердің таңдауының дұрыстығын, әлемдік мәселелерді шешуде  жеткілікті тәжірибеге ие екендігін дәлелдеуде бар  күш – жігерін  салуы  керектігін түсінеді.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу Қазақстанның тиімді жаһандық бастамаларының нәтижесі болып табылады:

1.     Ядролық қарусыздану мәселесі бойынша белсенді қатысушысы. Қазақстан өзінің  тәжірибесі арқылы ядролық әлеуеті бойынша өз ұстанымын түбегейлі дәлелдеді.

2.     1992 жылдың қазан айында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті (АӨСШК) ұйымдастырды.

3.     Діни төзімділік пен үйлесімдікті нығайтуға ықпал ете отырып әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізуде бастамашы болды.

4.     2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етті.

5.     2010-2011 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) төрағалық етті.

6.     2011 жылы  Ислам Ынтымақтастық Ұйымына (ИКҰ) төрағалық етті.

7.     2012 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымына (ҰҚШҰ) төрағалық етті.

8.     2012 жылы Қазақстан АТОМ жобасына бастамашылық етті. Біз пәрменді ақпараттық –түсіндіру  науқанын жүргізе отырып, әлемді ядролық қаруды сынауға  қарсы қолдау көрсетуге  шақырдық. 100 елден жүз мыңдаған адам осы үндеуді қолдады.

9.     2014 - 2015 жылдары украиндық қақтығысты реттеуге елеулі көмек көрсетті, Н.Ә.Назарбаев әлемдік ықпалды жетекшілермен келіссөздер өткізді және екі рет Минск саммитін шақыруға және ымыраға қол жеткізуге айтарлықтай көмек көрсетті .

10.  2015 жылы Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азия бойынша зорлық-зомбылық экстремизміне (ЗЭҚК) қарсы күрес жөніндегі аймақтық конференция өткізді.

11.  Қазақстан БҰҰ-да мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығын (2013-2022 ж.) жариялаудың негізгі бастамашысы болды.

12.  Қазақстан Ислам Ынтымақтастық Ұйымы шеңберінде азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымын құруды ұсынды.

13.  Елбасының бастамасымен, Қазақстан БҰҰ-ның Саммитінде «Ғаламдық энерго-экологиялық стратегия» және «Аймақаралық «Жасыл көпір» бағдарламасын ұсынды.

14.  2017 жылы Қазақстанда «Болашақ энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017  Халықаралық мамандандырылған көрмесі өткізіледі. Сонымен қатар,  Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында жасыл технологиялар трансферті үшін халықаралық орталық құру  жұмысы жүргізілуде[1].

Барлық аталған бастамалар мен іс-шаралар Президент Н. Назарбаевтың 2015 жылдың  29 қыркүйегінде  БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында сөйлеген сөзінде  көрініс тапты:

1.     Жаһандық стратегиялық бастамалар - 2045 жоспарын ұсынды. Жоспардың мағынасы әлемдік инфрақұрылымдар, ресурстар мен нарықтардағы тең мүмкіндіктер, сондай-ақ адамзат дамуындағы жалпыға ортақ жауапкершілік  болып табылады.

2.     Жаһандық дамыту кеңесі. Н.Ә.Назарбаев БҰҰ-ның Экономикалық және Әлеуметтік кеңесін Жаһандық дамыту кеңесі ретінде қайта құруды ұсынды.  Кеңестің негізгі міндеті –  жаһандық экономикалық дамытуға әкелетін елдер арасындағы   қарым-қатынас пен ықпалдастықтың шегін  табу үшін оған жаһандық экономикалық реттегіш қызметтерін беру ұсынысын атады. Бұл жаһандық дағдарыстың орын алу қаупін айтарлықтай төмендетуге көмектеседі.

3.     Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік жоспар. Әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде Астана экономикалық форумы алаңында  Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік жоба идеясының белсенді түрде талқылануы өзекті болып табылады.

4.     Санкциялар. БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес,  санкцияны өз еркімен қолдануға ешкімнің құқығы жоқ.  Халықаралық санкцияларды қолдану Қауіпсіздік Кеңесінің айрықша құзыреті болып  қалуы керек.

5.     Халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың бірыңғай жаһандық желісін құру. Терроризм қатерінің кеңеюіне байланысты Н.Ә.Назарбаев БҰҰ-ның аясында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай ғаламдық желіні құруды ұсынды.

6. Н.Ә.Назарбаев БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға көшіру идеясын жария етті,  мұнда құрлықтың күш - қуаты мен ықпалының артуы фактісі, сондай – ақ, тарихи тәжірибесі де ескерілді.   Сондай-ақ, Алматыда БҰҰ бағдарламалары мен ұйымның 19 өкілдігінен тұратын субаймақтық хаб  пен көпжақты дипломатияның қалыптасқанын сенімді түрде айта аламыз, сонымен қатар,  "KazAID" халықаралық дамуға ресми көмек саласында мемлекеттік саясатын қалыптастырудағы  қарқынды  дайындығы   дәлел болады [2].

Тәуелсіздік алған сәттен бастап, Қазақстан өркендеп дамумен бірге, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше – мемлекеттерге де қолдау көрсетуде. Бүкіл кезең бойында   100 млн. астам доллар  көлемінде көмек көрсетілді. Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік түрінде, инфрақұрылымдық жобаларға  білім тұрғысынан және қаржылық көмек, мектептер, ауруханалар құрылысына, жолдарды қалпына келтіруге  көмек көрсетті. Біз өңірлік қолдау көрсету тәжірибесін дамытып келеміз, соның ішінде Қырғызстан мен Тәжікстанға  да гуманитарлық дағдарыс кезінде  көмек берілді.

Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде төрт негізгі қағидаларға сүйенетін болады: ядролық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі, су - энергетикалық қауіпсіздік [3].

Ядролық қауіпсіздік. Қазақстанның бұл саладағы қызметі көпшілікпен мойындалған, сондықтан  бұл сенім және мүмкіндік пайдалануға құқығы бар. Ядролық державалар  Қазақстанның ядролық қарусыздану бойынша бастамаларына қолдау көрсетуде. Ядролық потенциалы жоқ елдің ядролық қарусыздандыру бойынша шақырулары “ядролық клуб»  елдеріне тиімді.

Азық-түлік қауіпсіздігі. Дамушы елдер үшін, әсіресе Африкада  азық-түлік қауіпсіздігі  күрделі мәселе болып табылады. Атап айтқанда, Қазақстан бидай, ет және басқа да азық-түлік өнімдерінің ірі экспорттаушысы ретінде халықаралық аренада бұл  мәселелерді ілгерілетуде  тиісті тәжірибеге ие.

Су қауіпсіздігі. Қазақстан - трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан ел болғандықтан, су қауіпсіздігінің ол үшін маңызы зор. Әлемнің көптеген аймақтарында бұл мәселе күрделі тұр  - миллиондаған адамдар ауыз су тапшылығынан зардап шегуде.

Энергетикалық қауіпсіздік. Энергетика мәселесі қазіргі әлемдік дамудың  басты мәселелерінің біріне айналды. Өңірлік көшбасшы және жаһандық энергетикалық қауіпсіздік мәселелерінде  жаһандық әріптес ретінде, халықаралық бітімгершілік миссияларына маңызды үлес қосушы ел ретінде  Қазақстан Республикасы ағымдағы уақытта БҰҰ- ның  Қауіпсіздік Кеңесінің алдында тұрған қауырт мәселелерді шешу үшін өзінің бірегей тәжірибесі мен арнаулы білімін пайдалануға  ұмтылуда  [4].

Қазақстанның табысы - тұтастай алғанда бүкіл өңірдің жетістігі, төрағалық кезінде Орталық Азия проблемаларына, соның ішінде дамыту және қауіпсіздік аспектілеріне әлемнің назарын аударуды, аймақтың мүдделерін ілгерілетуді және көптеген мәселелерді шешуді  жоспарлауда. Қауіпсіздік мәселесі, соның ішінде аймақтық қауіпсіздік күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып табылады. Одан әрі негізгі қауіп – қатерлердің, соның ішінде, терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалының таралуын, заңсыз миграцияның алдын алуда жоспарлануда.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның төрағалық етуінің маңызы  неде?

1.     Геосаяси орналасуы. Орталық Азия әлемдегі төрт бірдей ядролық державаларды, Ресей, Қытай, Үндістан және Пәкістанды  байланыстырады.

2.     Біріккен Ұлттар Ұйымының моделі ретінде  Қазақстан 130-дан астам ұлт пен этникалық топтар өмір сүретін көпұлтты мемлекет болып табылады.

3.     Қазақстан Азиядан Еуропаға және Еуропадан Азияға жүктерді кедергісіз тасымалдауға мүмкіндік беретін  «Еуразиялық трансконтиненталдық  дәліз»  көлік  маршрутына  сенім артады.

4.     Қазақстанда «Астана» Халықаралық қаржы орталығы құрылуда. Келешекте оның Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымының өзегіне, одан әрі Еуразияның негізгі қаржы орталығылығына айналдыруға ұмтыламыз. Қазақстан аймақтық және халықаралық деңгейде жүргізген бастамалары мен іс-шаралары негізінде Орталық Азияда, сондай-ақ бүкіл Еуразия  кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердің көшбасшысы  деген беделге ие болды.

Халықаралық дағдарыстарды реттеудегі

Ресейлік - қазақстандық  әріптестіктің рөлі.

 

Күні кеше біз Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағанының  25 жылдығын атап өттік. Екі елдің арасындағы ынтымақтастық қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі екі жақты форматтағы  модельдің үлгісі болып табылады.  Астана мен Мәскеу арасындағы ауқымды ынтымақтастыққа  Қазақстан мен Ресей Президенттерінің  бағыт беріп отырғанын атап өту қажет.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде қызметі барысында  ҚК – нің тұрақты мүше ретінде  Ресей тәжірибесінің маңызы зор.   Мүшелік ету барысында Ресей халықаралық құқық және оның институттары, балалар, мүгедектер, ұлттық, діни және тілдік  азшылықтың құқығын қорғау, әйелдердің құқын және мүмкіндігін кеңейту, жанұяға қолдау көрсету және оның қоғамдағы рөлін мойындау сияқты әр түрлі мәселелерді көтереді.  2017-2018 жылдары төрағалығы кезінде Қазақстан мен Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына еселі үлес қосатыны анық. Бұл Қазақстан мен Ресейдің бірқатар өңірлік және жаһандық үдерістерге белсенді тартылуымен түсіндіріледі. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің  тұрақты мүшелерімен қарым-қатынасы дұрыс жолға қойылғанын  атап өткен жөн. Ресеймен   одақтастық,  Қытаймен достық, ал АҚШ, Ұлыбритания және Франциямен тығыз әріптестік деңгейіндегі қарым -қатынастар жалғасуда.

Қазақстанның сыртқы істер министрі Қ.Абдрахмановтың Ресейге ресми сапары бірлескен ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсуінің дәлелі. Кездесу кезінде С.Лавров пен Қ.Абдрахманов  БҰҰ-ның басты саяси органы аясындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты  талқылады. 2017-2018 ж.ж. екі елдің сыртқы саяси ведомсвосы  арасындағы ынтымақтастық Жоспарына қол қойылды. Жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ынтымақтастықтың түйінді   мәселелері болып қалатыны министрлер тарапынан мақұлданды.  

Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын қорытындылай келе, біз «екі мемлекеттің де ұлттық мүддесінде  достық және одақтастық қарым – қатынастың басты орын алатынын» көреміз. Бұның дәлелі КСРО -ның ыдырауынан кейінгі қалыптасқан нормативтік база.  Бүкіл әлемде және еуразиялық кеңістіктегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы сыртқы саяси және әскери – саяси  саладағы  тығыз ынтымақтастықты орнатуға ұмтылған бірлескен күш – жігер.  Қауіпсіздік мәселесі ұзыннан созылып жатқан ортақ шекарамен де анықталады.   ЕАЭО -ты құру, Украина мәселесі бойынша Екатеринбург кездесуі, Минск саммиттері, Астанада өткен Сирия бойынша келіссөздер Ресей мен Қазақстанның принциптері ортақ одақтастар ретінде  халықаралық дағдарыстарды реттеуде ерекше рөл атқара алатынын білдіреді [4].

Сирия бойынша  Астана келіссөздері: нәтижелері.

Кейінгі жылдары Сириядағы қақтығыс БҰҰ- ның  Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе екені белгілі.  БҰҰ-ның мүше елдері тарапынан жасалған көптеген  келіссөздер барысында ресми билік пен оппозицияны әлденеше рет келіссөздер үстеліне отырғызуға әрекеттер жасалды. Кездесу үшін Астананың  қолайлы жағдай туғыза алуы,  айқын жетістікке жетудің кепілі болды. Ал Ресей, Түркия және Иран  атысты тоқтату режимі үшін  үш жақты  бақылау тетігін құра білді. Астана  кездесуі саяси ахуалды барынша жұмсартты және келешекте Женева  келіссөздері үшін  қолайлы негіз қалағанын атап өтуіміз қажет.

Астанадағы кездесуіндегі маңызды сәт - Ресей делегациясының әскери қимылдарға тікелей қатысушы рөлінен Иран мен Сирияға ықпалын тигізетін кепілгер рөліне өткенін дәлелдей, Сирияның жаңа  конституциясының жобасын ұсынуы болды.

Астана келіссөзінен кейін  Вади - Барад өзенінің аңғарында (Дамаскіден 30-40 км. жерде) 2,6 мың  жасақтың  қаруларын тастауы, келіссөздің алғашқы  жетістігі болды. Осылайша, қайшылықтарға қарамастан  Ресей, Түркия, Иран жұмысқа қолайлы форматты құра білді.

Өз кезегінде Астана дипломатиялық дағдылар мен қабілеттерге ие,  күрделі келіссөздерді жүргізе алатын, сенімді әріптес екенін тағыда бір дәлелдеді.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей президенттері келіссөздер нәтижесін жоғары бағалады және бұл жөнінде В.В.Путин өз сөзінде  атап өтті: «Біздің ортақ күш – жігеріміздің арқасында үкіметтік күштер мен қаруланған оппозиция арасындағы атысты, әскери қимылдарды тоқтату уағдаластығына қол жеткіздік,  бұл үрдіс аса маңызды шешімдер  негізінде  дамып келеді».

Дерек көздері.

1.     БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің орынына Қазақстанның кандидатурасын ұсынуы// http://www.kazakhstanunsc.com/ru/

2.     БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясының Жалпы пікірталастарында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың сөйлеген сөзі// http://www.akorda.kz/ru/speeches/external_political_affairs/ext_speeches_and_addresses/vystuplenie-prezidenta-respubliki-kazahstan-nnazarbaeva-na-obshchih-debatah-70-i-sessii-genassamblei-oon

3.     Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болуға үміттенеді http://www.inform.kz/en/kazahstan-nadeetsya-zanyat-mesto-nepostoyannogo-chlena-sb-oon-na-2017-2018-gody_a2909754http://www.inform.kz/en/kazahstan-nadeetsya-zanyat-mesto-nepostoyannogo-chlena-sb-oon-na-2017-2018-gody_a2909754

4.     2017-2018 ЖЫЛДАРЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҰҰ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ (БҰҰ ҚК) ТҰРАҚТЫ МҮШЕСІ РЕТІНДЕ ИЕ БОЛАТЫН БАСЫМДЫҚТАРЫ

http//http://www.kisi.kz/ru/categories/articles/posts/prioritety-kazahstana-v-kachestve-nepostoyannogo-chl...